Біреулер оған ортақ кеңестікке қатысушы тараптардың жарқын болашаққа деген талпынысы десе, ендігібіреулер оны саяси амбициядан туған бастама деп қабылдайды. Бұл түсінікті де. Кеше ғана құлаған КСРО сияқты алып, тоталитарлық жүйеден «арып-ашып» әзер құтылған мемлекеттер өз алдына дербес ел болып, өз қолы өз аузына жеткен соң, кез-келген одақ құру мәселесіне үрке қарайтын болды. Алайда, бәріне уақыт емші. Көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатқан заман көші кешегі қиындықтарды ұмыттырды. Бүгін алып жүйенің жұдырығынан босаған елдердің барлығы да өз болашағын алаңсыз, нақты істер негізіне қалыптастыратын кезге жеткен сияқты.
Бүгін Астанадағы «Риа-Новости» агенттігінде «Ресейдегі сайлау арқылы еуразиялық жобаға деген көзқарас» атты тақырыпта өткен бейнекөпір барысында да еуразиялық кеңістік мәселесі талқыға түсіп, оған қатысушылар осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірлерімен бөліскен еді. Елімізге танымал саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің пайымдауынша, Кеңес Одағы ыдыраған соң оның құрамынан шығып, өз алдына дербес мемлекет болған елдердің барлығы АҚШ-ты, Еуропаны, Азияны кезіп, өздерінің даму жолын іздеді. Ақыр соңында сол елдердің барлығы өздерінің ешкімге де керегі жоқ екенін түсінді. «Ал бізде ортақ тарих, ортақ жол, ортақ су бар. Осы ретте біз Кеңес Одағының құрамынан шыққан көршілес жатқан елдер бір-бірімізбен бірге болуды тағдыр жазғандығын 20 жылдан соң барып, бірақ түсіндік. Мен бұны біздің бақытымыз деп түсінемін. Өйткені біз біреудің біреу мұң-мұқтажын түсініп, жан дүниесіне үңіле бермейтін, әлсіздік танытсаң «маңдайыңнан сипамайтын» қатал заманда өмір сүріп жатырмыз. Мен кеше ғана бизнестің «жілігін шағып, майын ішіп жүрген» кәсіпкерлермен жүздесіп, пікірлескенімде олардың барлығы бірауыздан еуразиялық одақтың қажеттігін айтты. Кәсіпкерлердің пайымдауларынша еуразиялық одақ - ол алып сауда алаңы. Ол ортақ жол, ең ақыры үлкен кадрлық мүмкіндіктер. Бұл сонымен қатар шикізат пен технология және өзге де игіліктермен алмасуға мүмкіндік беретін игі жүйе. Әдетте біз еуразиялық жоба мәселесіне келгенде көбіне саясаткерлерді сөйлетеміз де, экономистер мен бизнес саласының өкілдерінің пікірлері назардан тыс қалады», - дейді саясаттанушы.
Оның пайымдауынша, еуразиялық жоба сияқты ауқымды да күрмеуі көп күрделі мәселеге келгенде бұғып қалуға болмайды. Бұл мәселеге қатысты экономистер де, саясаткерлер де, өзгелер де пікірлерін білдірулері керек. Ал біз пікір айтуды тек белгілі бір топ өкілдеріне беріп отырмыз. Олардың пікірлері әзірге қоғам өкілдерін тек үрейлендірумен ғана келеді. «Сондықтан менің жеке пікірімше, біз еуразиялық жоба мәселесіне нақты көзқарас пен прагматикалық тұрғыдан келетін болсақ, Қазақстан үшін бұл жоба өте тиімді болмақ. Бұл мәселеге өзінің айқын пікірін еуразиялық идея бастамашысы болып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып келеді. Басқаша айтсақ, Мемлекет басшысының «Еуропаға жол» бастамасы түптеп келгенде Ресей мен Беларусь арқылы өтеді. Иә, кез-келген одақ тәуелсіздігіңнің белгілі бір бөлшегінен ажырау дегенді білдіреді. Бұны біз жақсы түсінуіміз керек және бұл аса терең ақылды қажет ететін дүние емес. Әр азамат үйленіп, өз отбасын құрып, балалы-шағалы болуды армандайды. Алайда сол азамат үйлену арқылы өзінің бостандығын белгілі бір деңгейде шектейді. Өйткені ол кез-келген мәселе бойынша отбасы мүшелерінің пікірлерін тыңдауға мәжбүр. Еуразиялық одақ құру мәселесі де осындай принциптермен ұштасып жатыр. Қорыта келгенде, бұл мәселе туралы біз өзіміздің ойымызды ірікпей, ашық білдіруіміз қажет демекпін», - дейді Н.Ерімбетов.
«Ықпалдастық мәселесі Қазақстан үшін де маңызды. Ал еуропалық жоба мәселесіне келсек, ол мамандар арасында да, тұрғындар арасында да жиі талқылануда. Бұл мәселеге қатысты менің жеке пікірім, Қазақстан үшін бұл басымдық беріліп отырған бағыттардың бірі», - деді басқосуда күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өзінің көзқарасын білдірген «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламентаризм институтының директоры Болат Байқадамов.
Оның сөзінше, Қазақстан саяси, экономикалық және мәдени мәселелерге байланысты өз аймағындағы елдермен ықпалдасуға мәжбүр. Жалпы әлемде көптеген ықпалдастық ұйымдар бар. Олардың барлығы Мемлекет басшыларының шешімі немесе олардың саяси қадамдарының негізінде құрылған деуге келмейді. Ол ұйымдардың барлығы объективті себептермен, мемлекет мүддесі үшін құрылған одақтар. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бүгін міне бұрынғы посткеңістіктегі мемлекеттер үшін де еуразиялық одаққа ықпалдасатын уақыт жеткен сияқты.