— Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз, — деді ол.
Сонымен бірге, Президент Еуразияның негізгі көлік хабы ретіндегі орнын нығайту үшін Қазақстанның алдында бірқатар маңызды міндет бар екенін атап өтті.
— Ең алдымен, халықаралық бағыттарды қоса алғанда, көлік саласын толық цифрландыру қажет. Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүк құжаттары арқылы басқару — ақылға қонымсыз. Бұл — тығырыққа тірейтін жол, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президент үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынғанын жазғанбыз.