«Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы қатысушыларының
ҮНДЕУІ
Біз, Астана қаласындағы «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумының қатысушылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекеттерінің көшбасшыларын, ғылыми және шығармашылық қоғамдастықтарын біздің мемлекеттеріміздің арасындағы мәдени-гуманитарлық және ақпараттық ынтымақтастықты дамытуға бұдан әрі күш салуға шақырамыз.
ТМД кеңістігіндегі шығармашылық қоғамдастықтың үздіксіз үндестігінің тамыры тереңде жатыр. Оны нығайтудың негізі біздің халықтарымыздың ортақ адамгершілік, рухани, мәдени құндылықтары, сондай-ақ, қазіргі заманғы әлемнің жаңа және өскелең сындары мен қатерлерінің алдында шоғырланудың қажеттігі болып табылады.
Осындай форумдарды өткізу - біздің елдеріміздің орнықты дамуының жолдарын бірлесіп іздеуге, біздің халықтарымыздың арасында сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік болып табылады.
Еуразиялық интеграциялық үрдістердің аясында бұл үндестік ерекше маңызға ие болады.
1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ құру туралы тарихи бастаманы алға тартқан болатын. Бүгінде сол жобаның нақты көрініс алып келе жатқанын біз көріп отырмыз. Оның артында - еуразиялық кеңістіктің болашағы мен жаңа ұрпақ үшін келелі келешек тұр.
Еуразияшылдықтың жарқын жемісті құндылығы - мәдениетаралық және конфессияаралық үндестік, төзімділік, бейбітшілік пен келісім, рухани және мәдени прогрессі - Қазақстанның еңселі елордасы Астана болып табылады.
Астананың жасампаз рухы Шығыс пен Батыс мәдениетін өз ішіне сіңірді. Бұл жерде қазіргі заманның соңғы үлгісіндегі театрлар мен мұражайлары, концерттік залдары, ғылыми орталықтары тұрғызылуда, өнердің көптеген жанрлары дамуда. Біз Астананы - осындай шабытты, серпінді, болашаққа ұмтылған қала ретінде көрдік.
Сондықтан, Астананың биыл екі бірдей құрметті халықаралық миссияларды орындауы - ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып сайлануы кездейсоқтық емес. Бұл қазіргі Қазақстандағы мәдениеттің қоғамды әлеуметтік жаңартудың маңызды факторы болып табылатындығының куәсі.
Еуразиялық мәдени кеңістікті қалыптастыру үшін біз ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі мен Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының аясындағы шығармашылық және ғылыми интеллигенциялардың форумдарына үлкен мән береміз. Қордың көптеген елдердің қоғамдық және шығармашылық бірлестіктерімен бірлесіп іске асыратын жобаларына ерекше назар аударамыз.
Біз, Форумның қатысушылары, біздің елдеріміздің мәдени әрекеттестіктері саяси, экономикалық және басқа салалардағы ынтымақтастықты күшейту үшін барынша қолайлы жағдай жасайтындығына сенеміз.
Біз Мәдениет және масс-медиа салаларындағы бірлескен жобаларды өрістетуді жақтаймыз.
Жемісті ынтымақтастыққа деген сенімділік біздің халықтарымыздың тату көршілігі, біздің Көшбасшыларымыздың саяси жігерлері, мәдениет пен өнер адамдарының бірлескен шығармашылыққа деген ұмтылысына негізделген.
Осы ұмтылыстар шабытты да, жемісті болсын!