Еуро-2016: Бельгия құрамасы Ирландия командасын ойсырата жеңді - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бельгия құрамасы Еуро-2016 додасы топтық кезеңінің екінші турындағы матчта Ирландия командасын айқын басымдықпен жеңді - 3:0.

Кездесу санаулы сәттер бұрын Бордо қаласындағы "Стад де Бордо" стадионында аяқталды.

Есепті екінші кезең бастала салысымен қарымта шабуылды сәтті аяқтаған Ромелу Лукаку ашты. Ойынның 60-шы минутында қарсылас қақпасына баспен доп салған Аксель Витсель есепті 2:0-ге жеткізді. 70 минутта жартылау қорғаушы Эден Азардан пас алған Ромелу Лукаку дубль орындады.

Осылайша Е тобында екінші турдың қорытындысы бойынша плей-офф кезеңіне жолдаманы қоржынға салып үлгерген италиялықтар 6 ұпаймен топ бастап тұр. Бельгиялықтар 3 ұпаймен екінші орында. Ал Ирландия мен Швеция бір-бір ұпайдан олжалаған.

Бүгін 18 маусым күні тағы 2 матч өтеді: 22:00-де - «Исландия - Венгрия», 01:00-де - «Португалия - Австрия» құрамаларының кездесулері болады. Аталған кездесулерді «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.