Кездесудің алғашқы кезеңінде жерлестеріміз жауапсыз 2 гол жіберіп алды. Ойынның 14-минутында айып алаңының сыртынан допты шірене тепкен чехиялық Боржек Дочкал есеп ашты. Тайм соңына дейін бұл есепті Давид Лафат еселеді - 2:0.
Екінші кезеңде Юрий Красножанның шәкірттері шабуылды үдете түсті, бірақ нәтиже болмады. Олардың қателігін пайдаланған қарсылас команданың ойыншысы 57 минутта жауапсыз 3-голды салды. Бұл жолы Крейчи Сидельниковтың қақпасынан саңылау тапты.
Қазақстандықтардың еншісіне тек 83 минутта бір гол жазылып, есепті қысқартты. Бірақ қонақтар араға 5 минут салып, ойынның 88-минутында 3 гол артықшылықтарын қайта қалпына келтірді. Ойын соңында ұлттық құрамамыз чехиялықтардың қақпасына тағы бір гол дарытып, есепті 2:4-ке жеткізді, бірақ бұл жеңісті алып беру үшін жеткіліксіз көрсеткіш еді. Енді Қазақстан құрамасы 16 қазанда Түркия құрамасына қарсы ойын өткізеді.