Кездесудің басым бөлігі испандықтардың белсенділігімен өтті. "Қызыл сойқандар" Еуропада допты иелік ету бойынша үздік команда екенін бүгін де дәлелдеді. Испания құрамасы Түркияға еш мүмкіндік берген жоқ. Алаңның барлық позицияларында басым бақылауды жүргізіп отырды. Түркиялықтарға доп бермеген испандықтар бірінші таймның өзінде екі гол салып, жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Ойынның 34-минутында Нонито берген пасты ұтымды пайдаланған Альваро Мората алғашқы гол авторы атанса, үш минуттан соң Нонитоның өзі есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда түркиялықтар қарсыластарын қыспаққа алмақ болды, алайда қарымта шабуылға тап болып, Альваро Мората 48-минутта үшінші голды салып кетті. Осылайша, Мората Еуро-2016 турнирінде дубль авторы атанған алғашқы футболшы, ал Испания үш гол салған бірінші құрама болып отыр.
Осы жеңісінен кейін Испания плей-офф кезеңіне шығып отыр.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен "Қазспорт" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.