ЕУРО-2016: Құрлықтық біріншіліктің алғашқы матчында Франция Румынияны тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы матчында Франция құрамасы Румыния командасын 2:1 есебімен жеңді.

Француздар сапынан алғашқы голды ойынның 57-минутында Оливье Жиру салды. Көп ұзамай румындардың сапынан 64-минутта Станку пенальтиден есеп теңестірген болатын. Бұл есеп ойынның соңғы минуттарына дейін ұсталып тұрды. Дегенмен Димитри Пайе кездесудің 89-минутында Франция құрамасына жеңіс голын сыйлады.

Айта кетейік, бүгін, Францияда футболдан Еуропа чемпионаты басталды.

Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада алғаш рет 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.

Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.

Барлық матчтар «Қазақстан» мен "Қазспорт" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.