Еуро-2020: Қазақстан құрамасы Бельгияға қандай қауқар көрсетеді
Естеріңізге сала кетелік, біздің құрама бұған дейін екі кездесу өткізді. Алдымен өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен жеңді. Одан кейін Ресейге 0:4 есебімен жол беріп қойды. Әзірге Бельгия құрамасы бірде-бір ұпайды шашау шығарған жоқ. Алғашқы кездесуде өз алаңында Ресейді 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін сырт алаңда Кипрден 2:0 есебімен басым түсті. Бельгия құрамасы аталмыш топта жеке-дара көш бастап тұр.
Бүгінгі қарсыласымыз жайында жанкүйерлер жақсы біледі. Құрама сапында әлемге әйгілі жұлдыздар аз емес. Олардың қатарында Тибо Куртуа, Эден Азар, Аксель Витсель, Ромелу Лукаку, Дивок Ориги сынды мықтылар бар. Сондай-ақ, FIFA-ның соңғы рейтингінде аталмыш құрама бірінші орында тұр. Осының өзі қарсыласымыздың әлеуетін айғақтай түседі. Дегенмен, олар бүгінгі күнге дейін әлем және құрлық біріншіліктерінде топ жарып көрген жоқ. Еуропа біріншілігінде 1972 жылы 3-орын үшін сайыста Венгриядан 2:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Ал 1980 жылы финалда Германияға 1:2 есебімен жеңіліп, «күміс» алды. Әлем біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан 2018 жылы ғана көрінді. Ресейде өткен дүбірлі додада Англияны 2:0 есебімен жеңіп, әлем біріншілігінде үшінші орын алды.
Қазақстан құрамасы үшін Бельгия өте жақсы таныс. Бұған дейін екі құрама төрт мәрте кездесті. Оның екеуінде тең нәтиже тіркелсе, екеуінде қарсыластарымыз үш ұпайды олжалады. Айта кетерлігі, қос құрама бұған дейін тек Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңдерінде жолыққан. Алдымен 2006 жылдың 16 тамызында біздің жігіттер Бельгияда аталмыш қарсыласымен 0:0 есебімен тең ойнады. Ал 2007 жылдың 12 қыркүйегінде біздің алаңда өткен кездесуде қос құрама 2:2 есебіне қанағат білдірді. Сол жолы А тобындағы сегіз құрама арасында Бельгия - 5, Қазақстан 6 орынға ие болды. Айта кетейік, біздің құрамаға 2006-2008 жылдарда голландиялық маман Арно Пайперс жетекшілік етті.
Бұдан кейін екі құрама 2012 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде тағы да А тобында жолықты. 2010 жылдың 8 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ойында Бельгия құрамасы 2:0 есебімен басым түссе, 2011 жылдың 8 маусымында олар өз алаңында 4:1 есебімен жеңіп кетті. Бұл жылдарда неміс Бернд Шторк пен чех Мирослав Беранек бас бапкер қызметін атқарды.
Бүгінгі кездесу алдында біздің құрама сапынан бірқатар негізгі ойыншылар жарақат алып қалды. Олардың қатарында Юрий Логвиненко, Ғафуржан Сүйімбаев, Дмитрий Шомко бар.
Аталмыш кездесу 9 маусым күні Нұр-Сұлтан уақытымен 00.45-те басталады. Кездесу «QazSport» телеарнасынан көрсетіледі.