Бүгін 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Солтүстік Ирландия - Қазақстан матчының тікелей көрсетілімі Астана уақытымен сағат 00:35-те басталады.
Оны «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.
Аталған кездесуде Бактиёр Зайнутдинов бір гол соқса, сұрмергендер көшінде Руслан Балтиевпен теңеседі.
Қазір Руслан Балтиев ұлттық құрамада бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарады.
Бүгінде футболшылық мансабын аяқтаған ол 73 ойында 13 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеген еді. Ал Бактиёр Зайнутдиновтың еншісінде 29 кездесуден кейін 12 гол бар.
Бактиёр Зайнутдинов ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын 2018 жылдың 23 наурызында Венгрияға қарсы өткізді. Сол кездесуде бірінші голын соқты.
Одан кейін Шотландия мен Сан-Мариноға -2, Әзербайжан, Беларусь, Дания, Латвия, Литва, Босния және Герцеговина, Тәжікстан құрамалары қақпашысын қапы қалдырды.
Сондай-ақ, ұлттық құрама сапында қазір ойын көрсетіп жүрген Абат Айымбетов 28 ойында 7, Исламбек Қуат 55 ойында 6 голдың авторы атанды.
Еске салсақ, 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ел құрамасы H тобында үш ойын өткізді.
Өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Одан кейін сырт алаңда Сан-Мариноны 3:0 есебімен жеңді.