EURO 2024: Дания мен Англия кездесуінде жеңімпаз анықталған жоқ

Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жетінші ойын күнінде C тобында Англия мен Дания шеберлік байқасты.

Жанкүйерлер қос құраманың кездесуін асыға күткені анық. Олардың қатарында әлемдік футболда жоғары бағаланатын көптеген ойыншы бар. Сондықтан көпшілік бұл кездесуден тартысты бәсеке күтті.

Кездесу барысында 18-минутта англиялық Гарри Кейн мергендік танытты. Осылайша ол өзі қатысқан он ойында бес гол соқты. Нәтижесінде ол соққан гол жөнінен испаниялық Фернандо Торрес және фпанциялық Зинедин Зиданмен теңесті.

Даниялық құрама жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Ойынның 34-минутында даниялық Мортен Юльманның алыстан тепкен добына ағылшын қақпашысы Джордан Пикфорд қарсы тұра алған жоқ.

Кездесуде құрамалар 1:1 есебімен тең тарқасты.

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған топтағы Словения мен Сербия 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Одан кейін В тобындағы Испания мен Италия кездесуі 00.00-де басталады.