АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екінші ойын күнінде Испания құрамасы Хорватияны ойсырата жеңді.
В тобында ойнайтын испаниялық футболшылар алғашқы кездесуінде жинақы қимыл көрсетті. Ойынның 29-минутында испаниялық Альваро Морато есеп ашса, Фабиан Риус 32-минутта басымдықты арттырды. Ал 47-минутта Даниэль Карвахаль мергендік танытты.
Осылайша Испания қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, бүгін сағат 23:55-те аталған топта Италия мен Албания құрамалары кездеседі.
Айта кетсек, А тобында Венгрия құрамасы Швейцарияға 1:3 есебімен жол берді.
Кеше, 14 маусымда Германия Шотландияны 5:1 есебімен жеңді.
Құрлықтық дода ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізіледі.
Құрлықтық дода 14 шілдеде мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.