АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы матчтың бірінші кезеңнен кейін Словенияны жеңіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойынның бірінші кезеңінде словениялық футболшылар белсенді бастады. Тізгінді өз қолына алуға тырысты. Оған қазақстандық құрама лайықты төтеп бере білді. Оңтайлы сәттерде шабуыл ұйымдастырды.
Осындай сәттердің бірінде Ян Вороговскийдің сол қанаттан әуелете берген добын Максим Самородов қақпаға енгізді. Осылайша қазақстандық футболшылар алға шықты.
Словениялық құрама бұдан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Оған қазақстандық құрама сапынан қорғаушылар және қақпашы Игорь Шацкий тойтарыс беріп жатты.
Осылайша бірінші кезеңнен кейін Қазақстан қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп жатыр.
Ел құрамасы құрлықтық додада H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.