УЕФА ресми сайтында 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы ерекше қызығушылық сыйлаған ойындар бойынша жанкүйерлер арасында жүргізілген сауалнамада Қазақстан мен Дания кездесуі бірінші орын алды, деп хабарлайды Kazinform.
Оған жанкүйерлердің 79 пайызы қолдап дауыс берді.
Осы жылдың наурыз айында елордада өткен кездесуде қазақстандық футболшылар Дания құрамасынан 3:2 есебімен басым түскен еді.
Бірінші кезеңнен кейін даниялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетіп жатты.
Одан кейін небәрі 16 минуттың ішінде қазақстандық құрама қатарынан үш гол соғып, өз тарихында алғаш рет Дания құрамасын тізе бүктірді.
Ел құрамасынан Бахтиер Зайнутдинов (73-минут), Асхат Тағыберген (86-минут) және Абат Айымбетов (89-минут) мергендігімен көзге түсті.
Айта кетсек, ел құрамасы Н тобында үшінші орын алды.
Енді олар Ұлттар лигасы плей-офф сатысы арқылы Грекия, Люксембург, Грузиямен құрлықтық додаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.