АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы Қазақстан-Словения кездесуіне төрешілер белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасы құрлықтық додада H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино.
Қазақстандық футболшылар 23 наурызда елордада Словения құрамасын қабылдайды.
Кездесуде швециялық Гленн Нюберг бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Махбод Беиджи мен Андреас Седерквист көмекшілік жасайды. Төртінші төреші де швециялық Кристоффер Карльссон.
Ал бас төрешінің видеокөмекшісі және видеокөмекшінің ассисенті қызметін Швейцариядан келген Федайи Сан мен Лионель Чуди атқарады.
Швециялық Гленн Нюберг 34 жаста, ол 2016 жылдан бері FIFA-ның арбитрі ретінде тоғызға жуық ұлттық құраманың халықаралық ойындарына төрешілік жасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.