Еуро-2024: Килиан Мбаппе Австриямен ойында жарақат алып қалды

Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында D тобындағы Австрия мен Франция кездесуінде шабуылшы Килиан Мбаппе жарақат алып қалды.

Ойынның 86-минутында ол қарсылас құраманың айып алаңында әуелеп келе жатқан допты қақпаға баспен бағыттауға әрекеттенді. Допқа таласу кезінде австриялық Дансомен басы түйісіп қалды. Сол сәтте франциялық шабуылшының мұрны қанап, жарақат алып қалғаны байқалды. Видеодан Мбаппенің мұрны ісіп кеткені аңғарылды.

Осыдан кейін Франция бапкері Дидье Дешам Килианды басқа футболшыға ауыстырды. Оның келесі ойынға шығар-шықпасы белгісіз. Олар енді 21 маусымда Нидерланд құрамасымен шеберлік байқасады.

Франция бүгінгі Австриямен кездесуде 1:0 есебімен басым түсті.

Ойынның 38-минутында Килиан Мбаппе австриялық бірнеше футболшыны алдап өтіп, қақпа маңында тұрған әріптесіне әуелете доп тастаған еді. Оны сыртқа шығарып жіберуге әрекеттенген австриялық Максимилиан Вёбердің баспен ұрған добы өз қақпасына кіріп кетті.