АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыздың 27-інен 28-не қараған түні футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы аясында 2-турдың екінші ойын күні өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні В, E, F, G топтарында екінші тур ойындары өткізіледі.
Негізгі ойынның бірі В тобындағы Ирландия мен Франция құрамалары арасында болады. Алғашқы турда Франция Нидерландты 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, Ирландия ойын өткізген жоқ.
Сондай-ақ, аталған топта Нидерланд өз алаңында Гибралтармен шеберлік байқасады.
Ал E тобында Польша -Албания, Молдавия - Чехия, F тобында Австрия -Эстония, Швеция - Әзербайжан, G тобында Венгрия - Болгария, Черногория - Сербия құрамалары кездеседі.
Еске салсақ, H тобында сынға түсетін Қазақстан құрамасы 26 наурызда өз алаңында Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы алғашқы турда есе жіберген Словения тағы жеңіске жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.