Euro 2024: Португалия Люксембургті 9:0 есебімен жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының алтыншы турындағы екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күні J тобында Португалия құрамасы өз алаңында Люксембург құрамасын қабылдады.

Люксембургтік футболшылар соңғы жылдарда жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Биылғы жылы да сол қарқында жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазірге дейін 10 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан еді.

Бірақ бүгінгі кездесуде азулы қарсыласына лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Тәжірибелі португалиялықтар Люксембург футболшыларын ойсырата жеңді.

Кездесу барысында португалдық Гонсалу Инасиу - 12, 45, Гонсалу Рамуш - 18, 34, Диогу Жота - 57, 77, Рикарду Орта - 67, Бруну Фернандеш - 83, Жоао Феликс 88-минутта мергендік танытты.

Осылайша Португалия 9:0 есебімен жеңіске жетті.

Сондай-ақ аталған топта Словакия Лихтенштейнді 3:0, Исландия мен Босния және Герцоговинаны 1:0 есебімен жеңді.

Ал D тобында өз алаңында Армения Хорватияға 0:1, Латвия Уэльске 0:2 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, 11 қыркүйекте Қазақстан құрамасы өз алаңында Солтүстік Ирландиядан басым түсті.