АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысындағы Сан-Марино және Қазақстан құрамалары кездесуіне төрешілер белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл кездесуде грекиялық Анастасиос Папапетрус бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Трифон Петропулос пен Иорданис Аптосоглу көмек жасайды.
Сан-Марино – Қазақстан матчы маусымның 16-сынан 17-іне қараған түні елорда уақытымен 00:35-де басталады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Құрамалар H тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары – Словения, Дания, Солтүстік Ирландия, Финляндия.
Қазірге дейін қазақстандық футболшылар өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.