– Бүгін – футболдан Қазақстан құрамасы үшін маңызды күн. Еуропа чемпионатының финалдық сатысына тікелей шығуға мүмкіндік бар. Қалай ойлайсың, бүгін жеңіске жету мүмкіндігіміз қандай?
– Ашығын айтсақ, бүгінгі Словениямен кездесу өте қиын болады. Өз тобымыздағы соңғы жолдама тағдырын шешетін ойында қос құрама да барын салатыны анық. Жаз мезгілінде баспасөз беттерінде бірнеше тур бұрын бұл жөнінде өз ойымды айтқан едім. Онда екінші жолдама тағдыры Словения мен Қазақстан арасында шешілуі мүмкін деген ойымды білдірдім.
Жалпы, қай матчта да футболшылардың психологиялық тұрғыдан дайын болуы өте маңызды. Словения өткен турда Данияға есе жіберді. Бұл оларға кері әсер етуі мүмкін бе? Оны жоққа шығара алмаймыз. Барлығы өзімізге байланысты. Менің ойымша, Словения деңгейі өте жоғары қарсылас емес. Қақпашы Ян Облак Испанияның «Атлетико Мадрид» клубының намысын қорғаса, қалғаны Еуропаның кішігірім чемпионаттарында доп тебеді. Сондықтан іріктеу сатысы барысында азулы Данияны қапы қалдырған қазақстандық футболшылар үшін олар алынбас қамал болмас деген ойдамын. Іріктеу сатысында ел құрамасы Солтүстік Ирландияны екі мәрте тізе бүктіріп, Финляндияны сырт алаңда сүріндірді. Осылайша қазақстандық жанкүйерлер айта жүретін қызықты сәттерді сыйлады. Өз құрамамыздан сондай ерлікке пара-пар ойынды күтеміз.
– Ел құрамасы сапында көшбасшы атанып жүрген бірқатар футболшылар жарақат алып қалды. Олардың орнын кімдер баса алады?
– Рас, ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі бірқатар футболшының жарақат алып қалуы мамандарды ойландырып отыр. Мәселен, Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдиновтен өзге Бауыржан Исламханның рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бас бапкер Магомед Адиев жарақатына қарамастан ұлттық құраманың іріктеу сатысында жақсы ойын көрсетуіне зор үлес қосқан футболшыларды жанкүйер есебінде Словенияға алып барды. Бұл да жігіттердің сәтті ойнауына септігін тигізеді деген ойдамын.
Ал бас бапкердің алдағы кездесуге дайындаған өз тактикасы бар деген сенімдемін. Бұл тұрғыда футболшылардың алаңдағы орнын алмастыру мүмкін. Бәлкім, жартылай қорғаушы Рамазан Оразовтың басқаша қимыл көрсетуіне мүмкіндік беретін шығар. Жанкүйерлер Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Аслан Дарабаев сынды жігіттерді алғашқы минуттан жасыл алаңнан көріп қалатын сияқты. Сондай-ақ кезінде ұлттық құраманың жігерлі ойындарына үлес қосқан Руслан Валиуллин де Словенияға қарсы шығады деген ойдамын.
– Словениямен алғашқы кездесуде жеңісті қолдан беріп қойған секілдіміз. Бұл жөнінде көзқарасың қалай?
– Алғашқы кездесуінде Словениямен ойнау біздің құрамаға оңайға соққан жоқ. Өткен Ұлттар лигасындағы жетістігінен кейін Қазақстан құрамасымен көп қарсыласы сақтықпен ойнайтын болды. Оған қоса жанкүйерлер талабы да күшейді. Рас, аталған кездесуде қазақстандық футболшылар алғашқы болып гол соқты. Соңғы жағында босаңсып қалғандай сезілді. Словениялық тәжірибелі құрама емес пе? Өзіне қажетті есепке қол жеткізе білді. Сәттілік те серік болды.
Жалпы, Данияға қарсы ойыннан гөрі Словениямен кездесуде ұлттық құрамамыз жақсы қимыл көрсете білді. Сол ойында аталған қарсыласымыздың осал тұсын табуға болатынын түсіндік.
– Ұлттық құраманың қазіргі буын қалай бағалар едің?
– Жалпы, буын алмасу процесі – ұдайы жүріп отыратын жағдай. Осылайша футболшылар арасында сабақтастық жалғасып келеді. Байқап қарасаңыз, қазірдің өзінде ұлттық құрамада сондай үрдісті байқауға болады. «Көшбасшы Асхат Тағыбергеннің орнын алдағы уақытта кім баса алады?» деген сауалдың жауабын білетін секілдіміз. Тоқсаныншы жылдардың басында дүниеге келген Асхат енді екі-үш жылда құрамамен қош айтысуы мүмкін. Қазір ұлттық құрамада өз орнын еншілеп үлгерген Рамазан Оразов, Бахтиёр Зайнутдинов секілді жастар келешекте жанкүйер көңілінен шығатын шеберлігін таныта біледі. Оларға қоса Максим Самородов, Руслан Валиуллин жастық пен тәжірибенің толысқан шағында жасыл алаңда жарқылдап көзге түсіп келеді. Бас бапкер Магомед Адиев – жігіттердің намысын қайрап, психологиялық тұрғыда дем бере алатын азамат. Оған көмекшілік жасайтын Руслан Балтиев – кезінде шеберлігімен шыңдалған тәжірибелі маман.
– Елімізде балалар футболын дамыту үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет?
– Негізінде футболды дамытуда балалар спортын дамытудың маңызы зор. Бұл жайында мәселе жиі қозғалып келеді. Ол үнемі елдің назарында болатын тақырып емес пе? Елімізде бұған байланысты сәл де болса қозғалыс бар. Ендігі кезекте ол өз деңгейінде шешіледі деген ойдамын.
Қуантарлығы, қазір қазақстандық футболшылар Еуропаның беделді чемпионаттарында ойын көрсетуге мүмкіндік алып жатыр. Мәселен, Роман Вороговский Бельгияда доп теуіп қайтса, енді Рамазан Оразов, Бахтиёр Зайнутдинов, Нұрәлі Әліп сынды жігіттер өзге елдердің чемпионаттарында шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Осындай қадамға басқа да ойыншылар барғаны дұрыс деп санаймын. Бұл ұлттық құраманың деңгейін өсіруге септігін тигізеді. Шетелдік клубтар тарапынан біздің футболшыларға қызығушылық білдіріп жатқандар бар. Алдағы уақытта олардың саны арта түседі деген сенімдемін.
– Әңгімеңе рақмет.
Еске салсақ, Словения — Қазақстан кездесуі 20 қарашадан 21-не қараған түні Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан сағат 1:45–те көрсетіледі.