Euro-2024: Солтүстік Ирландия құрамасы жайлы не білеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы төртінші кездесуін Солтүстік Ирландияға қарсы өткізеді. Бұл қарсыласымыз жайында не білеміз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Getty Images

Солтүстік Ирландия құрамасы алғашқы матчын 1882 жылы Англияға қарсы өткізіп, қарсыласына 0:13 есебімен есе жіберді. 1953 жылға дейін Ирландия құрамасы деген атаумен турнирлерге қатысты. Сол жылы FIFA «бір атаумен екі құраманың жүруіне болмайды» деген шешім шығарып, содан кейін Солтүстік Ирландия құрамасы атауына ие болды.

Олар 1958 жылы Швецияда өткен әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Ширек финалға дейін жетіп, жанкүйерлерін қуантты.

Топтық кезеңде Германиямен 2:2 есебімен тең түссе, Чехословакиядан 1:0 есебімен басым түсті. Ал Аргентинаға 1:3 есебімен есе жіберді. Чехословакиямен бірдей ұпай жинап, қосымша ойында олардан 2:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда Францияға 0:4 есебімен есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады.

1982 жылы әлем чемпионаты финалдық сатысында бірінші топтық кезеңде Испанияны 1:0 есебімен жеңсе, Гондураспен 1:1, Югославиямен 0:0 есебімен тең ойнады. Екінші топтық кезеңде Францияға 1:4 есебімен жол беріп, Австриямен 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Топтық турнирде Чехословакиямен бірдей ұпай жинап, қайталау ойында оларды 2:1 есебімен ұтты. Ширек финалда Франция құрамасынан 0:4 есебімен ұтылып қалды. Солтүстік Ирландия бұл турнирде 6 гол соқты, соның бесеуін Питер Макпарланд соқты. 1982 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында екінші топтық кезеңде тағы да Францияға есе жіберді — 1:4. 1986 жылғы әлем чемпионатында топтан шыға алмады.

1986 жылғы әлем біріншілігінде D тобында Бразилиядан 0:3, Испаниядан 1:2 есебімен жеңілсе, Алжирмен 1:1 есебімен тең түсті.

Солтүстік Ирландия футболшылары әлем чемпионаты финалдық сатысында үш мәрте бақ сынағанына қарамастан Еуропа чемпионатында үздіктер қатарына 2016 жылы ғана қосыла алды. С тобында Германия мен Польшаға 0:1 есебімен есе жіберсе, Украинаны 2:0 есебімен сүріндірді.

Осылайша барлық топтар бойынша үздік үштікте болған құрамалар қатарына қосылып, ширек финалда Уэльске 0:1 есебімен жол берді.

Аталған құрама футболшыларының басым бөлігі Англия, Уэльс, Шотландия, Бельгия чемпионаттарында ойнайды.

Құрамаға 2011-2020 жылдар аралығында англиялық маман Майкл О’Нилл жетекшілік етті. Ол 2022 жылдан бастап қайтадан тізгінді өз қолына алды.

FIFA-ның сәуір айында жариялаған рейтингі бойынша Солтүстік Ирландия құрамасы 62-орында тұр. Ал 2017 жылы олар бұл рейтингте 20-орынға дейін көтерілген еді.

Айта кетсек, 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Солтүстік Ирландия - Қазақстан матчының тікелей көрсетілімі 19 маусымнан 20-на қараған түні Астана уақытымен сағат 00:35-те басталады. Оны «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.

Еске салсақ, 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы H тобында үш ойын өткізді. Өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Одан кейін сырт алаңда Сан-Мариноны 3:0 есебімен жеңді.

Ал Солтүстік Ирландия алдымен Сан-Мариноны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Финляндия мен Даниядан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.