АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Францияға қарсы өткізді. Кездесу барысында ел құрамасынан Әләзиз Қамалов бір гол соқса, оған франциялық құрама үш голмен жауап берді.
Осылайша қазақстандық футзалшылар қарсыласына 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Іріктеу кезеңі Португалияның Порту қаласында 27-30 наурыз аралығында өтіп жатыр. Рикардо Кака шәкірттері іріктеудің негізгі кезеңінде Франция, Португалия және Беларусьпен шеберлік байқасады.
Енді олар бүгін, 28 наурызда Португалиямен кездессе, 30 наурызда Беларусьпен ойнайды.
Құрлықтық дода финалдық кезеңіне топ жеңімпазы ғана шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Семей» футзалдан 2025 жылғы Қазақстан кубогы иегері атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.