АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы ойын кестесі белгілі болды. Қазақстандық футзалшылар алтыншы топта Армения, Дания және Албания құрамаларымен ойнайды.
Құрлықтық дода 2026 жылдың 18 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Литва және Латвияда өтеді.
Іріктеу турнирі 2024 жылдың 9 желтоқсанында басталады. Іріктеу сатысында құрамалар әрбір қарсыласымен өз және сырт алаңда екі ойын өткізеді.
Қазақстандық футзалшылар іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын сырт алаңда биылғы жылдың 13 желтоқсанында Албанияға қарсы өткізсе, 18 желтоқсанда өз алаңында Арменияны қабылдайды.
Ал, 2025 жылдың 1 ақпанында сырт алаңда Даниямен ойнаса, өз алаңында 5 ақпанда Даниямен, 7 наурызда Албаниямен шеберлік байқасады. Соңғы ойынын 12 наурызда Арменияға қарсы өткізеді.
Ел құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысында үш мәрте бақ сынады. 2016 жылы қола жүлдегер атанып, 2018 жылы төртінші орынға табан тіресе, 2022 жылы 1/4 финалға дейін жетті.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысу үшін Өзбекстанға барды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.