АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты екінші іріктеу сатысын сәтті өткізді.
Олар екінші ойында Литва құрамасымен жасыл алаңға шықты. Кездесу барысында Исмаил Бекболат 58, 80, 89-минутта үш гол соғып, хет-триктің авторы атанды. Ал Абылай Төлеухан 21, Дәулет Орынбасар 75-минутта бір-бір голдан соқты. Оған литвалық футболшылар екі голмен жауап қайырды.
Осылайша қарсыласынан 5:2 есебімен басым түскен қазақстандық футболшылар өз тобындағы ойындарды екі жеңіспен бірінші орында аяқтады.
Айта кетсек, бұдан бұрын олар Грузияны 3:0 есебімен тізе бүктірген еді. Бұл ойында Дәулет Орынбасар 48, 75, Исмаил Бекболат 55-минутта мергендік танытты.
Еске сала кетейік, бүгін футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнге қарсы кездесу өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.