АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты екінші іріктеу сатысын сәтті бастады.
Қазақстандық футболшылар бүгін, 19 наурызда Грузиямен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында қазақстандық құрамадан Дәулет Орынбасар 48, 75, Исмаил Бекболат 55-минутта мергендік танытты.
Осылайша қазақстандық футболшылар қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, алғашқы ойынын сәтті бастады.
Енді олар алдағы ойынын 25 наурызда Литваға қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Кюрасаомен жолдастық кездесу өткізеді.
2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы J тобында сынға түседі.
Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.