Еурокомиссия 2018-2019 жылдардағы мұнайдың орташа жылдық бағасына болжам жасады

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат  - Еурокомиссия Brent маркалы мұнайдың 1 барреліне деген орташа баға ағымдағы жылы 63,9 доллар, келесі жылы 67,7 долларды құрайтындығын болжап отыр. Бұл туралы реттеушінің бейсенбі күні жарияланған көктемгі экономикалық болжамында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай бағасының қазіргі қалпына келе бастауы ОПЕК елдері мен Ресейдің мұнай өндірісін қысқартуға байланысты келісімін 2018 жылдың соңына шейін ұзартуы және ОПЕК елдерінің аталмыш келісімді толықтай орындап отырғандығы ықпал етті», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, Венесуэла секілді жекелеген экспортерлердің энергия жеткізудегі сәтсіздіктері, Таяу Шығыстағы геосаяси текетірестің артуы, атап айтқанда, Йемен мен Сириядағы кикілжің, АҚШ-тың Иранға салған санкцияларындағы нақтылықтың болмауы мұнай бағасын жоғары ұстап тұрғандығы құжатта атап өтілген.

Басқа жағынан алып қарағанда, «қара алтынның» бұдан әрі өспейтіні жөнінде уәж келтірілген, онда АҚШ-тың сланцты мұнай өндірісі арттырылатындығы күтіліп отырылғандығы, сонымен қатар көмірсутек шикізатына әлемдік сұраныстың өсу қарқыны біршама төмендейтіндігі ескерілген.

Бұған дейін Еурокомиссия 2017 жылдың қараша айындағы күзгі экономикалық болжамында Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің бағасы 2018 жылы 55,7 доллар, 2019 жылы 54,7 доллар болады деп болжаған болатын.

Фото: unikassa.ru