Еурокомиссия электромобильдерді дамытуға 24 миллиондай еуро бөлмек

ССЕЛЬ. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалық комиссия электромобильдерді дамыту жөніндегі транс-еуропалық бастаманы қолдау туралы шешім қабылдап,

бұл жобаны жүзеге асыруға 24,2 миллион еуро қаржы бөліп отыр.

Жобаның жалпы құны - 41,8 миллион еуроны құрайды. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Жоба 42 серіктеспен ынтымақтаса отырып жүзеге асырылмақ. Серіктестердің қатарында өнеркәсіптердің, коммуналдық қызметтер мен муниципалитеттердің, университеттер мен ғылыми-техникалық мекемелердің өкілдері, электромобиль өндірушілер бар. Бұл бастаманың мақсаты - жаңалықты дамыту және Еуроодақтың жекелеген өңірлерінде тәжірибе алмасу, сондай-ақ электромбильдерді еуропалық нарыққа кеңінен шығару.

Еурокомиссия вице-президенті Сийм Калластың айтуынша, «қазіргі таңда көліктердің 96 пайызы мұнайға тәуелді. Бұл тиімсіз жағдай. Еуроодақтың 2050 жылға дейінгі көлік стратегиясының мақсаты - осы тәуелділікті қысқарту және мобильділіктің өсуіне мүмкіндік беру».

Еурокомиссар сондай-ақ 2050 жылға дейін Еуроодақтың көліктердің атмосфераға шығаратын зиянды газдарын 60 пайызға қысқартуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.