Еурокомиссия ЕО елдерінде баспана мәселесі ушығып тұрғанын мойындады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ қалаларында баспананың қолжетімділігі күрделі мәселеге айналды.

Фото: Euronews

Қала тұрғындарының жартысынан астамы бұл мәселені шұғыл шешуді қажет етеді деп есептейді. Еурокомиссия ұзақ мерзімге қолжетімді тұрғын үй санын сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін мәлімдеді.

— Еуропалықтар үшін баспананың қолжетімді болмауы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Eurobarometer деректеріне сәйкес, қала тұрғындарының 50 пайыздан астамы тұрғын үй мәселесін шұғыл шешуді қажет ететін өзекті проблема деп санайды, — делінген Еурокомиссия мәлімдемесінде.

Еурокомиссия атап өткендей, тұрғын үй дағдарысы халыққа ғана емес, Еуропалық Одақ экономикасына да әсер етеді. Қолжетімді баспананың тапшылығы еңбек күшінің ұтқырлығын және білім алу мүмкіндіктерін шектеп, нәтижесінде ЕО-ның бәсекеге қабілетіне де кесірін тигізеді.

Еурокомиссия ұзақ мерзімге жалға алуға немесе тұруға қолжетімді тұрғын үй көлемін азайтатын тәжірибелерге қарсы шаралар қабылдауды ұсынып отыр. Бұл мәселе әсіресе туристер көп келетін қалаларда өткір тұрғандықтан, оларға ерекше назар аударылмақ.

Еурокомиссияның ұсыныстары Еуропарламент пен ЕО Кеңесінің қарауына жіберіледі.

Еске салайық, бұған дейін ЕО-ның бес елі заңсыз мигранттарды үшінші елдерге жіберудің жаңа жүйесін әзірлеп жатқанын жазғанбыз.