Еурокомиссия президенті ЕО-ның 2 трлн еуро көлеміндегі стратегиялық бюджетін ұсынды

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен 2028-2034 жылдарға арналған жалпы құны 2 триллион еуроны құрайтын Еуропалық одақтың жаңа бюджеттік жоспарын таныстырды. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

Ұсынылған құжат 2020 жылы ЕО басшылары мақұлдаған 1,21 трлн еуро көлеміндегі алдыңғы бюджетпен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайған.

– Бұл – Еуропаның жаңа дәуіріне арналған бюджет. Ол одақтың амбицияларына сәйкес келеді, қазіргі сын-қатерлерді шешеді және тәуелсіздігімізді күшейтеді, – деді Еурокомиссия басшысы сәрсенбі күні өткен таныстырылымда.

Жаңа бюджеттік құрылым үш негізгі бағытқа негізделген:

  1. 865 млрд еуро – ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, әлеуметтік саясат пен аймақтық дамуға;

  2. 410 млрд еуро – бәсекеге қабілеттілікке, оның ішінде ғылым мен инновацияларға;

  3. 200 млрд еуро – сыртқы саясат және халықаралық іс-қимылдарға бағытталмақ.

Еурокомиссия ұсынған жобаға сәйкес, бюджеттің басым бөлігі ЕО-ға мүше елдердің тікелей жарналары есебінен қаржыландырылады. Сонымен қатар, Брюссельдің табысын арттыру үшін ортақ еуропалық салықтар енгізу ұсынылды. Олар:

  • электроқалдықтарға;

  • темекі өнімдеріне;

  • ірі корпорациялардың табысына салынатын салықтар.

Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл одаққа қаржылық дербестік береді және жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік ашады.

Бұдан бөлек, қаржы бөлу процесі құқық үстемдігі қағидатының сақталуымен тікелей байланысты болады. Еуропалық басылымдардың жазуынша, бұл өзгеріс Венгриядағы демократиялық құндылықтардан ауытқу үрдісіне жауап ретінде енгізіліп отыр.

– Құқық үстемдігі – басты шарт. Біз бөлінетін қаражаттың әділ жұмсалуын және толық есептілікті қамтамасыз етеміз, – деді фон дер Ляйен.

Сәрсенбіде өткен таныстырылым жаңа бюджетті талқылау процесінің ресми бастамасы болып саналады. Сарапшылар бұл келіссөздер күрделі, ұзақ және тартысты болады деп болжауда. Себебі әрбір ел өз мүддесін қорғауға тырысады.

Айта кетейік, Еуропарламент Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын қабылдамады.