Еурокомиссия Temu-ға қатаң шара қолдануы мүмкін: компанияға ірі айыппұл қаупі төніп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия Қытайдың Temu онлайн-платформасы заңсыз әрі қауіпті тауарлардың сатылуына тосқауыл қою шараларын жеткілікті деңгейде қолданбай отыр деген алдын ала қорытындыға келді. Егер заңбұзушылықтар түпкілікті расталса, компанияға әлемдік жылдық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Фото: Kazinform\ЖИ

Тергеу барысында платформадағы тауарлардың қауіпсіздігін бақылау, контентті тексеру және ережені бұзған сатушыларға шара қолдану жүйесінде бірқатар кемшілік анықталған.

Атап айтқанда, Temu сатушылардан тек тауарлардың шектеулі санаты бойынша ғана сынақ хаттамаларын талап етеді. Оның өзінде ұсынылған құжаттар әрдайым мұқият тексерілмейді. Еурокомиссия әсіресе электроника мен косметика сияқты қауіп деңгейі жоғары өнімдерге бақылаудың жеткіліксіз екеніне назар аударған.

Тергеушілердің пікірінше, платформаның қазіргі модерация жүйесі тауарлардың қауіпсіздігін тексеруден гөрі, олар туралы жарияланған ақпаратты бақылауға көбірек бағытталған. Сонымен қатар тауарлар ассортименті кеңейгенімен, контентті тексеретін мамандар саны соған сай көбеймеген.

Еурокомиссия сатушыларға қолданылатын санкцияларға да сын айтты. Ведомствоның бағалауынша, шектеулер көбіне нақты сатушыға емес, оның жеке дүкеніне ғана қолданылады. Соның салдарынан бір дүкені бұғатталған сатушы басқа дүкен ашып, саудасын жалғастыра алады.

Temu компаниясы Еурокомиссияның алдын ала қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді.

«Заңсыз тауарлардың таралу қаупін азайтуға бағытталған шараларымызға қатысты комиссияның алдын ала қорытындыларымен келіспейміз», – деп хабарлады компания өкілдері.

Сондай-ақ платформа өкілдері өнім қауіпсіздігі талаптарын сақтау мен бақылау тетіктерін жетілдіруге қомақты қаржы бөліп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 2026 жылғы мамырда Еурокомиссия Temu платформасына қауіпті тауарларды сатуға қатысты заңбұзушылықтар үшін 200 миллион еуро айыппұл салған болатын. Олардың қатарында балалар ойыншықтары мен ақауы бар қуаттағыш құрылғылар болған.

Енді компания тергеудің алдын ала қорытындыларымен танысып, өз қарсылығын білдіре алады. Егер заңбұзушылықтар түпкілікті расталса, Temu-ға әлемдік жылдық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Еуроодақ бұған дейін де Temu-ды цифрлық қызметтер туралы заңды бұзды деп айыптаған болатын.