Еурокомиссия төрағасы Әзірбайжан мен Түрікменстанға сапармен барады

БРЮССЕЛЬ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мен Энергетика жөніндегі еурокомиссар Гюнтер Эттингер 13-15 қаңтар аралығында Әзірбайжанға және Түрікменстанға сапар жасайды.

Олар аталға елдердің басшыларымен энергетика мәселелерін талқыламақ, деп хабарлады Еурокомиссияның баспасөз қызметінен.

«Біз энергоресурстардың жеткізілімінің ұзақмерзімдік қауіпсіздігі мен оны әртараптандыруға мүдделіміз. Сондықтан да мен «Оңтүстік газ дәлізі» жобасын талқылауды жоспарлап отырмын. Аталмыш жобаның жүзеге асырылуы көгілдір отынды Каспий өңірінен тікелей еуропалық тұтынушыларға жеткізуге мүмкіндік береді. Осынау стратегиялық бастаманы жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасай аламыз деп ойлаймын», - дейді Ж. М.Баррозу.