Еурокомиссия Түркияның 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамын төмендетті
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия көктемгі экономикалық болжамын жариялап, онда Түркия экономикасының 2025 жылға арналған өсім қарқынына қатысты күтулерді төмендеткенін хабарлады, деп жазады Kazinform тілшісі.
Жаңартылған деректерге сәйкес, келесі жылы елдің ЖІӨ 3,2% орнына 2,8%-ға өседі деп күтіледі. Алайда, 2026 жылға арналған болжам бойынша өсім 3,5%-ға дейін жеделдейді.
Есепте Түркия ақша-несие және бюджеттік-салық саясатын қатаңдату бағытын ұстанып отырғаны атап өтіледі. Бұл шаралар, сондай-ақ әлемдік энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуі елдегі инфляциялық қысымның біртіндеп азаюына ықпал етіп жатыр.
Бұдан бөлек, бюджет тапшылығының қысқаруы болжанып отыр, ал мемлекеттік қарыз деңгейі қалыпты әрі басқарылатын күйде сақталады деп күтіледі.
Жаңартылған бағалар түрік билігінің жоғары инфляция мен валюта бағамының құбылмалылығынан кейін макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыруға деген ұмтылысын көрсетеді.
Түркияның Қаржы және қазына министрі Мехмет Шимшек үкімет экономикалық бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын және оның нақты нәтижелер бере бастағанын айтты.
— Экономикалық бағдарлама жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр және нәтижесін беріп келеді, — деп атап өтті Шимшек қазіргі экономикалық жағдайға пікір білдіре отырып.
Оның айтуынша, соңғы екі аптада елде валюталық резервтердің қалпына келуі байқалған, бұл қаржы жүйесінің тұрақтануының маңызды көрсеткіші саналады.
Министр сондай-ақ халықаралық нарықтардың сенімінің артқанына назар аударды: «инвесторлар шын мәнінде қайта оралды».
— Бұл макроэкономикалық саясаттың нығаюы, ақша-несие шараларының қатаңдауы және инфляциямен күрестегі батыл қадамдар арқасында мүмкін болды, — деп атап өтті Шимшек.
Бұған дейін Ердоған жаңа конституция қабылдауға шақырғанын жазғанбыз.