Euronews Алматыдағы туризм туралы үш тілде мақала жариялады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Еуропаның жетекші ақпарат құралдарының бірі - Euronews Алматы туралы туристік материал жариялап, шетелдік аудиторияны қаланың таулы аймақтардағы көрікті жерлерімен, мәдени нысандарымен және ұлттық тағамдарымен таныстырды.

Фото: мақаладан алынған скрин

«Discovering Almaty: Mountain mornings, street art and market flavours» («Алматыны танып-білу: таудағы таң, көше өнері және жергілікті базарлардың дәмі») атты мақала ағылшын, неміс және испан тілдерінде қолжетімді. 

Материал Yahoo Travel халықаралық туристік платформасында да жарияланған. Мақалада Euronews саяхатшыларға Алматымен танысуды таудан бастауды ұсынады. Шымбұлаққа ерекше назар аударылған. Мұнда тек шаңғы тебу үшін ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде серуендеп, демалуға да болады.

 

Жарияланымның жеке бөлімі сәулет өнері мен бейнелеу өнеріне арналған. Журналистер ғимараттардағы тарихи мозаикалар, Вознесенск кафедралды шіркеуі және Қазақстанның, Орталық Азия мен басқа да елдердің заманауи өнер туындылары ұсынылған Almaty Museum of Arts музейі туралы баяндаған.

Гастрономия да назардан тыс қалмаған. Оқырмандарға Көк базарға барып, ет, қазы, құрт, қымыз және басқа да дәстүрлі тағамдардан дәм тату ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін Испанияның танымал телешоуы Алматы туралы тележоба жасады.

Сондай-ақ Оңтүстік Корея телеарнасында Алматыда түсірілген телешоу көрсетілді.