Euronews басшысы: Жаңа Конституция – демократизацияның бірегей қадамы

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Қазақстанның жаңа Конституциясына баға берді және қазақ тілін халықаралық тіл деп атады.

Фото: ОКҚ

– Қазақстанға 13-14 жылдан бері тұрақты түрде келіп тұрамын. Әр келген сайын, Қазақстанның дамып келе жатқанына куә боламын. Қазақстан Президентті Қасым-Жомарт Тоқаев елді дұрыс бағытта өркендетіп келе жатыр. Инфрақұрылым, жасанды интеллект, цифрландыру т.б. барлық салада Қазақстанның ілгерілеуі байқалады. Сонымен қатар, сіздерді жаңа Конституция қабылдауыңызбен құттықтаймын! Бұл – өте маңызды оқиға әрі демократизацияның бірегей қадамы. Осындай жайттар Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар, Педро Варгас Давид Euronews қазақша ақпарат тарата бастайтындықтан, қазақ тілін халықаралық тілдер қатарына қосылды деп есептейтінін мәлімдеді.

– Енді біз 20 тілде ақпарат таратамыз. Соның бірі – қазақ тілі. Бұл тіл – Азияның ғана емес, Еуропаның да, жалпы Еуразияның тілі. Бұлай дейтінім, Қазақстанның бір бөлігі Еуропада, яғни қазақ тілі Еуропа тілдеріне де жатады. Біздің жарияланымдарымызды бұрын көрермендер ағылшын, француз, неміс, орыс, португал тілдерінде көретін. Енді Еуропалық Одақ және одан тыс аймақтардағы аудиториямыз біздің контентті қазақша да қарайды. Сондықтан біз қазақ тілін енді халықаралық тіл деп білеміз. Қазақша ақпарат тарату – өте жақсы және дұрыс қадам, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Euronews қазақ тілінде ақпарат тарататынын жазғанбыз.