Euronews қазақ тілінде ақпарат таратады

АСТАНА. KAZINFORM — Euronews халықаралық ақпараттық телеарнасы қазақша жаңалықтар көрсетеді. Бұл жөнінде ҚР Мəдениет жəне ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

– Euronews – әлемнің жетекші ақпараттық телеарнасы. Сондықтан оның қазақша ақпарат таратуы біз үшін үлкен мәртебе. Осыған дейін Euronews ҚР аумағында орысша ақпарат тарататын. Енді ғаламтор арнасында қазақ тіліндегі шығарылымдарын жариялайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамның үні, айнасы деп бағалап келеді. Сонымен қатар, Президент бізге заманауи, сапалы әрі бәсекеге қабілетті қазақ тіліндегі контент болуы тиіс деген тапсырма берген. Сол себепті, біз еліміздің сұранысына сай, заманауи контент өндіруіміз керек. Осы тұрғыдан, Euronews-тің қазақ тілінде ақпарат таратуы – заман талабы. Ол мемлекеттік тілдің дамуына үлкен серпіліс береді және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады, – деді вице-министр.

Сонымен бірге, ол Euronews-тің қазақша ақпарат тарата бастауы жаңа Конституцияның күшіне енген уақытымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

Ал Euronews Astana бюросының жетекшісі Боян Бркич бұған дейін дайындалған бағдарламалар мен жобалар жөнінде мәлімет берді.

– Euronews мұнда екі жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді. Біздің басты міндетеміз – Қазақстанды 140-тан астам мемлекеттегі шетелдік көрермендерге таныстыру, насихаттау. 2025 жылдың тамызынан бері «Заманауи көшпенділер» телехикаясының 43 бөлімін эфирге шығардық. Онда Қазақстанның табиғаты әсем жерлері, дәстүрлері, мәдениеті және заманауи өмірі көрсетілген. Демек, елдің өткені, терең тарихы жөнінде ғана емес, бүгінгі жетістіктері, қазіргі тыныс-тіршілігі туралы да айтамыз, – деді ол.

Сонымен бірге, Боян Бркич Euronews-тің «Орталық Азия дауыстары», «Шығыс-Батыс байланысы» т.б. бағдарламалары мен хабарлары жөнінде ақпарат бөлісті.

Айта кетейік, Euronews арнасы елімізде ашылған жылы Тоқаев бұл жайтты маңызды оқиға деп бағалаған еді.