Еуроның жаңа банкноттары қандай болады: ЕОБ 10 дизайн нұсқасын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық орталық банк (ЕОБ) жаңартылған еуро банкноттарының он финалдық дизайн нұсқасын таныстырып, еуроаймақ тұрғындарына өздеріне ұнаған үлгіге дауыс беруді ұсынды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Global Look Press/Depo Photos

Жаңа банкноттар заманауи, қауіпсіз әрі оңай танылатын болуы тиіс. Олар барлық дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін айналымға шығарылады деп жоспарланып отыр.

Ұсынылған 1200 тұжырымдаманың ішінен сарапшылар он эскизді іріктеп алды. Олар «Еуропа мәдениеті» және «Еуропа табиғаты» атты екі тақырыптық топтамаға бөлінген.

ЕОБ президенті Кристин Лагард Еуропа тұрғындарын реттеушінің ресми сайтында жарияланған онлайн дауыс беруге қатысуға шақырды. Әр тақырып бойынша бес-бестен дизайн нұсқасы әзірленген. Олардың қатарында минималистік те, көркем безендірілген де үлгілер бар. Қоғамдық сауалнама нәтижесі болашақ банкноттардың түпкілікті дизайнын анықтауға көмектеседі.

Егер мәдениетке арналған тұжырымдама жеңіске жетсе, банкноттарда Еуропаның танымал өнер, ғылым және әдебиет қайраткерлері бейнеленеді.

Атап айтқанда:

  • 5 еуро – опера әншісі Мария Каллас;

  • 10 еуро – композитор Людвиг ван Бетховен;

  • 20 еуро – ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Мария Кюри;

  • 50 еуро – жазушы Мигель де Сервантес;

  • 100 еуро – Леонардо да Винчи;

  • 200 еуро – Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Берта фон Зуттнер.

Екінші топтама Еуропа табиғатына арналған. Банкноттардың беткі жағында өзендер мен табиғи ландшафттар аясындағы әртүрлі құстар бейнеленсе, сыртқы бетінде Еуропалық одақтың негізгі институттарының ғимараттары орналастырылады.

Ұсынылған бейнелердің қатарында қабырға құсы, көкқұс, аражегіш, ақ дегелек, бізтұмсық және солтүстік олушасы бар. Әр құс Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық орталық банк, Еуропалық одақ соты, Еуропалық кеңес және Еуропалық аудиторлар соты сияқты институттардың бірімен байланыстырылған.

Қоғамдық дауыс беру аяқталғаннан кейін Еуропалық орталық банк жеңімпаз тұжырымдаманы анықтап, жаңа банкноттарды шығаруға техникалық дайындықты бастайды. Реттеушінің жоспарына сәйкес, жаңартылған купюралар өндірістік рәсімдер толық аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен айналымға енгізіледі.

Бұған дейін жаңа еуро банкноттарының дизайны Польша мен Франция арасында пікірталас туғызғаны хабарланған еді.