Еуроодақ 5G технологиясын енгізуде Корея мен Жапонияны қуып жетпекші
АСТАНА. KAZINFORM — Болжамдарға сәйкес, Еуроодақ 2027 жылы «бесінші буындағы» желілермен 100% қамтуды қамтамасыз етеді, деп жазды Еuronews.
Баяу болса да, тұрақты түрде: Еуропа 5G автономды желілерін енгізуде артта қалып келе жатқанына қарамастан, ол біртіндеп әлемнің басқа аймақтарын қуып жетуге жақын деп жазылған дүйсенбі күні Еуропалық комиссия жариялаған байланыс және коммуникациялар саласындағы мақсаттар туралы есепте.
«Цифрлық онжылдық» деп аталатын құжатта Комиссия 2021 жылы жариялаған 2030 жылға қарай ЕО-ның барлық үй шаруашылықтарын 5G-мен қамтамасыз ету мақсатына қол жеткізіледі деген болжам айтылған.
– 5G желісімен қамтылған үй шаруашылықтарының үлесі (спектрдің барлық диапазонында) 2023 жылғы 89,0%-дан 2024 жылы 94,3%-ға дейін өсті. Бұл жылдық есеппен 6%-ға өсімді білдіреді. Болжам бойынша, 100% межеге 2027 жылы қол жеткізіледі, – делінген есепте.
Ауылдық аймақтарға келсек, мұнда 5G қамтылуы 2023 жылғы 71%-бен салыстырғанда шамамен 80%-ға жетті.
Корея 100% көрсеткішпен көш бастап тұр, одан кейін Жапония (99,2%) мен Норвегия (99,0%) келеді. АҚШ (97,0%), Үндістан және Қытай (екеуі де 95%) да ЕО деңгейінен жоғары немесе тең көрсеткішке ие.
5G байланысына деген қажеттілік интернетке қосылған құрылғылардың кеңінен қолданылуымен, өндірістік жабдықтармен және берілетін деректер көлемінің артуымен байланысты.
Қойылған мақсаттар
Баяндамада цифрлық дағдылар, бұлттық технологияларды пайдалану және жасанды интеллект мәселелері де қамтылған. Жалпы алғанда, 2024 жылға қарай ЕО негізгі мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда «тұрақты ілгерілеушілікке» қол жеткізді, дегенмен мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның едәуір бөлігі ЕО-дан тыс жеткізушілерге тәуелді болып қала береді.
– Деректер нарықтардың бытыраңқылығы, тым күрделі реттеу, қауіпсіздік және стратегиялық тәуелділік сияқты проблемалардың әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Мемлекеттік және жеке инвестициялар, сондай-ақ ЕО компаниялары үшін венчурлік капиталға қол жеткізуді жеңілдету инновацияларды енгізуді және ауқымын кеңейтуді жеделдетеді, – делінген есепте.
Желтоқсан айында Комиссия байланыс мәселелерін шешуге бағытталған телекоммуникациялық ережелерді қайта қарастыратын цифрлық желілер туралы заңды (DNA) ұсынады. Қазіргі уақытта заң жобасын әзірлеуге байланысты кеңестер жүргізіліп жатыр.
Болашақ технологиялардың мүмкіндігін ашу
Connect Europe телекоммуникациялық компаниясының бас директоры Алессандро Гропелли Еурокомиссия есебінің қорытындыларына пікір білдіре отырып, «Еуропаның байланыс саласындағы саясатын түбегейлі реформалау қажет» деді.
– Біз Драги баяндамасынан шабыттанған, өршіл цифрлық желілер туралы заңды қолдаймыз: XXI ғасырда бәсекеге қабілеттілік тек сенімді әрі тұрақты байланыс болғанда ғана мүмкін, – деп қосты ол.
GSMA ұялы байланыс операторларының еуропалық бөлімшесінің басшысы Ласло Тот есеп жігерлендіретінін, бірақ әлі де босаңсуға болмайтынын айтты.
– Еуропа бойынша 5G базалық қамту деңгейіне жету – бір мәселе, ал адамдарды қажетті деңгейдегі нақты қосылыммен қамтамасыз ету – қазіргі реттеу жағдайында үлкен мәселе. Комиссия алдағы DNA кеңестері кезінде болашаққа көз жүгіртуді жалғастырып, нормаларды жеңілдетуге және цифрлық экожүйеміз шынымен өркендей алатын қолайлы инвестициялық ортаны қалыптастыруға ықпал етуі тиіс, – деді Тот.
Енді блокқа мүше 27 ел Комиссия есебін және одан әрі атқарылатын шараларды талқылауы қажет. Келесі жылы ЕО-ның атқарушы билігі өз мақсаттарын қайта қарап, олардың қоғамның өзгеріп жатқан талаптары мен басымдықтарына сәйкес келетін-келмейтінін анықтайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық Одақ Temu мен Shein-нің арзан тауарларына баж салығын енгізуді ұсынған еді.