Еуроодақ басшылары Путин мен Трамп кездесуінен кейін бірлескен мәлімдеме жасады

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Путин мен Трамптың Аляскадағы кездесуінен кейін ЕО көшбасшылары Зеленскийдің қатысуымен үшжақты саммитті күтетінін тілге тиек етті, деп хабарлайды Kazinform CNN-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы еуропалық көшбасшылардың бірлескен мәлімдемесінде айтылған. 

– Біз Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын тиімді қорғау үшін қауіпсіздік кепілдігіне ие болуы керектігін анық айтамыз. Біз президент Трамптың Америка Құрама Штаттары қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын деген мәлімдемесін құптаймыз. «Қалаулылар коалициясы» белсенді рөл атқаруға дайын, - делінген құжатта. 

Бірлескен мәлімдемеге Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Джорджио Мелони, Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер, Финляндия президенті Александр Стубб, Польша премьер-министрі Дональд Туск, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен және Еуропалық кеңес төрағасы Антонио Коста қол қойды. 

Зеленскиймен және еуропалық көшбасшылармен сөйлескеннен кейін Трамп «АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін» мәлімдеді. 

– Ресей мен Украина арасындағы жан түршігерлік соғысты тоқтатудың ең дұрыс жолы – көп жағдайда орындалмайтын атысты тоқтату туралы келісімге емес, тікелей соғысты аяқтайтын бітімгершілік келісімге көшу дегенге бәрі қосылды. Президент Зеленский дүйсенбі күні түстен кейін Вашингтондағы Сопақ кеңсесіне келеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, біз президент Путинмен кездесуді белгілейміз, - деп жазды Трамп Truth Social парақшасында. 

Бұған дейін үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмағанын жазған болатынбыз.