Еуроодақ басшылары саммитінде алғаш рет баспана дағдарысы талқыланады
АСТАНА.KAZINFORM - 23 қазанда Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларының кезекті саммиті басталады. Кездесудегі жоғары деңгейлі мәселелердің бірі еуропалықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болмақ, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Еуропалық аймақтар комитеті мен Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комитет президенттерімен кездесу қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта тұрғын үй еуропалықтардың алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
- Еуропалық Одақ ерекше күрделі геосаяси жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Алайда, еуропалық азаматтардың күнделікті қажеттілігін ескеру маңызды. Тұрғын үй дағдарысының қауіпті үш салдары бар: ол азаматтардың негізгі құқықтарына, бәсекеге қабілеттілікке теріс әсер етеді және біздің демократиялық институттарға деген сенімге нұқсан келтіреді, - деді Кошта.
- Сондықтан мен тұрғын үй дағдарысының Еуропалық кеңестің ертеңгі отырысының күн тәртібіне енгізілуін қамтамасыз еттім. Еуроодақ көшбасшылары бірінші рет осы маңызды мәселені жоғары деңгейде талқылайды, - деді ол.
Тұрғын үй еуропалықтардың ең осал топтары – баспанасыз және табысы төмен отбасылардан бастап, жастарға дейінгі өзекті мәселеге айналды. Пандемияның салдары жеткізу тізбегін бұзып, құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің қымбаттауына әкелді. Сонымен қатар, халық санының өсуі мен ЕО-ға көші-қон қысымын ескере отырып, тұрғын үйге деген қажеттілік артып келеді. Жоғары бағалар мен ипотекалық несие мөлшерлемелерінің өсуі жас ұрпақтың жеке баспанаға қол жеткізуін қиындатады.
- Аймақтар комитеті мен Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комитет бұл мәселемен қарқынды жұмыс істеуде, - деп қосты Кошта.
Еуропалық Парламент сонымен қатар тұрғын үй мәселелері бойынша арнайы комитет құрды, ал Еуропалық комиссия тұрғын үй комиссарларын тағайындады және осы жылдың соңына дейін Еуропалық одақтағы тұңғыш қолжетімді тұрғын үй жоспарын ұсынады.
Еуропалық одақ институттары бұл дағдарыспен толықтай күресіп жатыр. Алайда, Еуропалық Кеңестің ертеңгі пікірталасының мақсаты - комиссия мен кеңеске қолжетімді тұрғын үй жоспарын әзірлеу бойынша саяси ұсыныстар беру.
Бұған дейін Испанияның 50 қаласында тұрғын үй дағдарысына қарсы наразылық шеруі өткені хабарланған болатын.