Еуроодақ басшылығының Астанаға ресми сапары күтілуде
«Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық серіктесі. Елдің жалпы тауар айналымы мен шетелдік инвестиция көлемінің жартысына жуығы Еуроодаққа тиесілі. Менің Брюссельге былтырғы қазан айындағы сапарым кезінде біз Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жөніндегі, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары туралы келіссөздерді аяқтадық. Осы тарихи құжатқа қол қою үшін Еуроодақ басшылығының Астанаға ресми сапармен келуін күтеміз», - деді Президент. Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасасатын Орталық Азиядағы тұңғыш серіктес болып табылады. Жақын арада қол қоюға жоспарланған келісім 1999 жылғы Серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімді алмастырып, ЕО-Қазақстан қарым-қатынастарының заманауи және берік іргетасын қалайды.