Еуроодақ EES жүйесін іске қосады: шекарадан өту ережелері өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа EES жүйесінде бет-әлпетті тану немесе саусақ іздері сияқты биометриялық мәліметтер төлқұжаттағы дәстүрлі мөртаңбалардың орнын басады. Бұл «қауіпсіздікті арттыруға» көмектесіп, шетелде болу мерзімін асырып жіберген азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді, деп жазды DW агенттігі.
Еуропалық Одақ 2025 жылдың 12 қазанынан бастап үшінші елдердің азаматтарын тіркеу үшін кіріп-шығудың электронды жүйесін енгізетінін жариялады. Шенген аймағына кіруге арналған электронды жүйе — EES (Entry/Exit System) — қауіпсіздікті арттырып, шетелдіктердің шекарадан кіру және шығу уақытын нақты тіркеп, болу мерзімін асырып жіберген және кіруге тыйым салынған тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы 30 шілде күні Брюссельде Еурокомиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннер мәлімдеді. Жүйені толық енгізудің өтпелі кезеңі 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.
Бруннердің айтуынша, бұл жүйе заңсыз көші-қонды болдырмауға, құжаттар мен жеке куәліктерді қолдан жасауды азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ EES трансшекаралық қылмыс пен терроризмге қарсы күресте маңызды құрал болмақ, себебі ол ақпаратқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйеде шекарадан өтетін азаматтардың бет-әлпеті мен саусақ іздері сканерленіп, бұл мәліметтер арнайы базаға енгізіледі. Бұл процесс дәстүрлі төлқұжат мөрінің орнына жүреді.
Алайда сыншылар бұл жүйе шекарадағы кезектердің ұзаруына себеп болады деп қауіптеніп отыр.
Бастапқыда жүйе 2024 жылдың қарашасында іске қосылуы тиіс еді, алайда Германия, Франция және Нидерланд сияқты кейбір елдердің дайын болмауына байланысты кейінге шегерілген болатын.
EES жүйесі 29 елде қолданылады
EES жүйесін Еуроодақтың барлық елдері, Ирландия мен Кипрден басқа, қолданатын болады. Сонымен қатар, ЕО құрамына кірмейтін, бірақ Шенген аймағына мүше елдер — Норвегия, Исландия, Швейцария және Лихтенштейн де бұл жүйені пайдаланатын болады.
Магнус Бруннердің айтуынша, жүйе енгізілмес бұрын әуежайлар мен шекара бекеттерінде ақпараттық науқандар арқылы саяхатшылар хабардар етіледі. Алты айлық енгізу кезеңінде әрбір мүше мемлекетке өз шекара бекеттерінің кемінде жартысында жүйені іске қосу үшін үш ай уақыт беріледі.
Бұған дейін Еуропалық комиссия ЕО-ға визасыз кіру үшін төлемді 7 еуродан 20 еуроға дейін көтеруді ұсынған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуроодақ Түркия азаматтары үшін Шенген визаларын рәсімдеуді жеңілдеткен болатын.