«Шуман декларациясында» Батыс Германия, Франция, Италия және Бенилюкс құрамындағы үш мемлекетке көмір мен болат өндіру салаларын біріктіру туралы алғаш рет үндеу жасалған болатын. Осы екі саланы ұлттық мемлекеттерден жоғары тұратын құрылымның басқаруына тапсыруға келіскен. Еуропалық қауымдастыққа кірген алты елдің түгелі бірлестіктің Жоғарғы Кеңесіне бағынуға тиіс болған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан дәл бес жыл өткеннен кейін осы Одақты құру туралы ұсыныстың мақсаты түсінікті еді. Осының арқасында біріккен елдер бір-бірінен қауіптенбей, жаңа Еуропада бейбітшілік орнауына негіз қалаған болатын. Ал Еуропа күні, Еуроодақтың байрағы, әнұраны және ортақ валютасымен қатар еуропалықтардың бірлік рәмізіне айналған. Алайда бүгінде Кәрі Құрлық талай түйткілді мәселелерге тап болды. Экономикалық пен босқындар дағдарысы Шенген келісімінің болашағы, тіпті Еуроодақтың өзінің осы қалыпта сақталуына көлеңке түсіріп, қауымдастыққа кіретін 28 елдің арасында пікіркеліспеушілік туғызып отыр. Жақында Римде өткен Еуроодақ болашағы жөніндегі талқылауда Одақ басшылары бірлестіктің келешек тағдырына алаңдаушылығын білдірді.
"Бұрынғы кездері Маастрихт келісімін дайындау үшін бірлесіп жұмыс істеп келгенбіз, біртіндеп ортақ валюта құруға жеттік. Қазір сондай бірлігіміз жоқ. Қоғам пікірі мен еуропалық саясаткерлердің көзқарасы алшақтап бара жатқанын байқап тұрмыз. Өкінішке қарай, олар әлі күнге дейін ел-елге бөлініп жүр,-дейді Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер. Ал Еуроодақтың өзге бір жетекшісі, Еуропарламент басшысы Мартин Шульц бүгінде ел басшыларының көбісі өз мемлекеттерін жауапты серіктес ретінде емес, Брюссель жағынан қысым көріп жүрген тарап ретінде көрсететінін ерекше атап өтті.
Еуропарламент президенті Шульцтің айтуынша, бүгінде Брюссельге келіп, өз елімнің мүддесін қорғауға тиіспін деп жүрген ел басшылары бар. Бұл сөздері Брюссель жағынан қыспаққа түстік дегенді білдіреді. Одаққа мүше осы елдер Еуроодақ қорларынан талай пайда көріп жүр. Бұл Брюссель оларды қыспайтынын, керісінше қолдау беріп жүргенін көрсетеді. Сол себептен осы жолмен азаматтар мен сайлаушылардың сеніміне бөленеміз деп, арзан беделге құмар саясатшылардың артынан ермеуі тиіс.
Еуропа күнінің 67 жылдығы қарсаңында Еуропарламент пен Еурокомиссия басшылары Одаққа мүше елдерді тығыз ынтымақтасуын талап етіп, тек сұрап қана қоймай, бір-біріне қолдау беруге шақырып отыр.
18:32, 09 Мамыр 2016
Еуроодақ елдері Еуропа күнін тойлап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Еуроодақ елдері Еуропа күнін тойлауда. 1950 жылдың 9 мамырында Франция сыртқы істер министрі Роберт Шуманның жариялаған үндеуі жаңа интеграциялық бірлестік - Еуропалық одақтың құрылуына түрткі болған еді, деп хабарлайды 24.kz.