Еуроодақ - Қазақстан әріптестігінің 25 жылдығына орай журналистер арасында байқау жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай қазақстандық журналистер арасында байқау жарияланды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, аталмыш байқауды «Еуроодақ - Қазақстан: әріптестік пен ынтымақтастықтың 25 жылдығы» деген атаумен Еуропалық Одақ Қазақстандағы өкілдігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен Қазмедиа Медиамектебімен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқау - Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы қатынастарды кеңейтуге әрі нығайтуға, ашық диалог қалыптастыруға және Қазақстан медиа қауымдастығында Еуропалық Одақ туралы хабардарларды жеткізуді жетілдіруге бағытталған.

Байқау нәтижесінде ЕО институттары (Еуропалық Парламент, ЕО Кеңесі, Еуропалық Комиссия, Еуропалық сыртқы істер қызметі) мен Брюссельде медиа-пулды зерделеу үшін бір апталық таныстыру тағылымдамасына қатысуға 3 жеңімпаз іріктелетін болады. Сонымен қатар жеңімпаздар Еуропалық Комиссияның күнделікті брифингтеріне қатыса алады және ішінара ЕО институттарының жұмыс механизмдерімен танысады.

Сондай-ақ жеңімпаздар 2018 жыл барысында Қазмедиа Медиамектебінің тренингтері мен семинарларына (Хабар Агенттігінің Шеберханасы жобасы) қатысу мүмкіндігін алады.

Маңызды: Тағылымдама қорытындылары бойынша қатысушыға ЕО Өкілдігінің, ҚР АКМ және Қазмедиа Медиамектебінің атынан ұсыныс хат және сертификат тапсырылатын болады.

Конкурстық іріктеу кезеңдері: 2018 жылғы 30 сәуірге дейін өтінімдерді қабылдау (өтінімді осы жерден жүктеп алуға болады). Талапкер толтырылған өтінімді барлық қосымша файлдармен және оған сілтемелермен қоса жолдайды.

Тағылымдама талапкерлерін іріктеу бойынша білікті қазылар алқасының құрамына ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Басшысы, Елші, Траян Христеа, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС Бас директорының стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Ерлік Қаражан, Медиамектеп директоры, журналист, теле-радио жүргізуші Махаббат Есен, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова.