Еуроодақ Сирия билігі мен демократиялық күштері арасындағы келісімді құптады

Фото: Анадолу

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ Сирияның өтпелі билігі мен сириялық демократиялық күштер арасында қол жеткізілген келісімді құптайды. Бұл туралы Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, Kazinform меншікті тілшісі хабарлайды.

– Біз барлық тарапты келісімді адал ниет пен өзара ымыра рухында орындауға шақырамыз. Ұрыс-қимылдардың толық тоқтауы гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз ету, бейбіт тұрғындарды қорғау және ішкі қоныс аударған адамдардың оралуы үшін аса маңызды.

Сирияның солтүстік-шығысындағы тұрақтылық елдегі жан-жақты саяси өтпелі кезеңнің табысты жүзеге асуының және бүкіл Сирия халқының құқықтарын қорғаудың негізгі шарты болып табылады.

Сондай-ақ барлық тарапты лагерьлер мен қамауда ұстау орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ДАИШ ұйымының қайта жандануына жол бермеу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, – делінген Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Сирия үкіметі мен күрдтік қарулы құрылым – «Сириялық демократиялық күштер» жұма күні жан-жақты атысты тоқтату және әскери әрі әкімшілік құрылымдарды кезең-кезеңімен Сирия мемлекетіне интеграциялау жөнінде келісімге қол жеткізілгенін хабарлаған болатын.