Еуроодақ тұрғындарды дағдарыс кезінде 72 сағат бойы өз бетінше күн көруге дайындап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия халықты төтенше жағдайларға дайындау жөніндегі нұсқаулық жариялады. Құжатта дағдарыс басталған алғашқы үш тәулікте азаматтардың өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеуіне мүмкіндік беретін негізгі заттар мен құралдарды алдын ала дайындау ұсынылған. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Anadolu

Жаңа нұсқаулықты Еуропалық комиссияның теңдік, дағдарысқа дайындық және дағдарысты басқару мәселелеріне жауапты мүшесі Хаджа Лахбиб Брюссельде өткен Азаматтық қорғаныс жөніндегі тоғызыншы Еуропалық форумда таныстырды.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, кейінгі уақытта Еуропада күрделі дағдарыстар жиілеген. Осыған байланысты тұрғындардың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын арттыру қажет.

Ұсынымдарға сәйкес, азаматтар дағдарыс басталғаннан кейін мемлекеттік көмек жеткенге дейінгі алғашқы 72 сағатта негізгі қажеттіліктерін өз бетінше өтеуге жететін азық-түлік пен қажетті заттардың қорын алдын ала әзірлеуі керек.

Бұдан бөлек, Еуропалық комиссия мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағдарламаларына төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібін үйрететін сабақтарды енгізуді ұсынады. Сондай-ақ педагогтерге арналған арнайы іс-шаралар өткізіп, дайындық шараларын әзірлеу кезінде мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескеру қажет.

Халықты ақпараттандыруға да ерекше назар аударылған. Билік өкілдері төтенше жағдайға дейін, оның кезінде және одан кейін азаматтарды сенімді ақпарат беруге тиіс.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап жыл сайын 23 қазанды Еуроодақтың дағдарысқа дайындық күні ретінде атап өту ұсынылды. Бұл бастама халықтың хабардарлығын арттырып, Еуропада дағдарыс жағдайларына дайындық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Еурокомиссия ЕО елдерінде баспана мәселесі ушығып тұрғанын мойындағанын жазған едік.