Еуроодақ Украинаға 20 млрд. еуро бөлуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинаны банкроттықтан құтқару үшін ауқымды қаржылық көмек керек. Бұл туралы Сиднейде G20 қаржы министрлері мен орталық банктер басшылары кездесуінде Қаржы бойынша еурокомиссар Олли Рен мәлім етті.

Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Еуропалық одақ Украинаның жаңа Үкіметіне 20 млрд. еуро бөлуге дайын екенін алға тартуда. Бұл қаржы бұл елді дефолттан сақтап қалуға мүмкіндік береді. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагардтың айтуынша, халықаралық қолдау көрсету үшін бұл елде экономикалық реформалар басталуы қажет. Сонымен қатар ЕО-ның Сыртқы саясат бойынша жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон бүгін Киевке келіп, экономиканы тұрақтандыру шараларын талқылауды көздеп отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Еуропалық одақ Киев ХВҚ-мен келісімге отырған жағдайда Украинаға экономикалық көмек көрсетуге даяр екенін мәлімдеген. Айта кетейік, жексенбіде украиналық Жоғарғы Раданың төрағасы Александр Турчинов мемлекеттік қазынаның есеп-шотында қаржы жоқтың қасы екенін айтқан болатын.