Еуроодақ Жапонияға гуманитарлық көмек көрсетуге қосымша 10 миллион еуро бөліп отыр

ССЕЛЬ. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалық комиссия Жапониядағы зұлмат зілзала мен цунамиден зардап шеккендерге көмек көрсетуге қосымша 10 миллион еуро бөлу туралы шешім қабылдады.

Осылайша, Еуроодақ тарапынан көрсетілетін жалпы көмектің құны 15 миллион еуроға жетеді. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл қаражат қазіргі таңда уақытша паналарда тұрып жатқан, азық-түлікке, суға, көрпе-төсеніштерге, басқа да шұғыл көмектерге мұқтаж 30 мыңнан астам адамға көмек көрсетуге арналып отыр. Қаржы Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық федерациясы арқылы үлестіріледі.

Ресми мәліметтер бойынша, зұлмат зілзала мен оның соңын ала болған цунамидің салдарынан қаза болғандардың саны 11 734 адам. Адам құрбандықтары негізінен Фукусима, Ивате және Мияге префектураларында орын алған. Тағы 16 мың 375 адамның тағдыры белгісіз.

Жапония өкіметінің алдын ала бағалауы бойынша, апат салдарынан келген экономикалық шығын 25 триллион иеннен (308 миллиард еуро) асуы мүмкін.