Мәлімдемеге сәйкес, сала өкілдері жетекшілік ететін бұл бастама ЕО және ұлттық қорлардан бөлінетін 10 млрд еуроға дейінгі қаржылық қолдаудың арқасында жүзеге асады. Жоба аясында кемінде 20 млрд еуро көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
Жоба Еуропаның жасанды интеллект саласындағы есептеу қуатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде стартаптар, қарқынды дамып келе жатқан компаниялар, шағын және орта бизнес, өнеркәсіптік ұйымдар, ғылыми мекемелер мен мемлекеттік құрылымдар озық жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге және оқытуға қажетті жоғары өнімді инфрақұрылымға қол жеткізеді.
Мәлімдемеде ЖИ гигафабрикалары заманауи жасанды интеллект процессорларын, бағдарламалық қамтамасыз етуді, бұлтты технологияларды, жоғары жылдамдықты байланыс инфрақұрылымын және энергияны үнемдейтін деректерді өңдеу орталықтарын біріктіретіні атап өтілген.
Еуропа бойынша құрылатын 19 жасанды интеллект фабрикасының желісімен бірге бұл инфрақұрылым өңірдің технологиялық көшбасшылығын, орнықтылығын және стратегиялық дербестігін нығайтуға тиіс.
Сондай-ақ бастама Еуропаға жасанды интеллектіні өз қағидалары мен құндылықтарына сай дамытуға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындарда әзірленетін технологиялар ЕО-ның деректерді қорғау, қауіпсіздік және этика саласындағы талаптарына сәйкес болады.
Осылайша, Еуроодақ жасанды интеллект саласында АҚШ пен Қытайға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр.
Айта кетелік елімізде жасанды интеллект пен стартапты дамыту бойынша халықаралық инновациялық хаб құрылады.