Еуроодақ жер сілкінісінен зардап шеккендерге уақытша баспана салып беру үшін Түркияға көмек көрсетеді

БРЮССЕЛЬ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ пен түріктің «Қызыл жартыайы» елдің оңтүстік-шығысындағы Ван провинциясында үстіміздегі жылдың 23 қазанында болған күшті жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға 1200 уақытша баспана жеткізуге ЕО грантын бөлу туралы келісімге қол қойды,

деп хабарлады Еурокомиссияның баспасөз қызметі.

Жаңа уақытша баспаналарда шамамен 6 мың адам орналаса алады. Ол толықтай оқшауланған үйлер болады, оның ішінде 2 бөлме, ас үй, жуынатын бөлме мен дәретхана болмақ. Олар тоқ желісіне, су мен кәріз жүйесіне қосылады. Жобаның жалпы құны 4 миллион еуро болады деп есептелінуде.

Осы уақытша баспананы сатып алу және орнату жұмыстарын ЕО грантының тікелей бенефициары болып табылатын түріктің «Қызыл жартыайы» өзге ұйымдармен және жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отыра жүзеге асырады.