Еуроодаққа электоралды белсенділікті ынталандыру әдістерін Қазақстаннан үйренуге болады - Хорватияның экс-президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Хорватияның бұрынғы президенті Стефон Месич Еуроодақ электоралды белсенділікті ынталандыру әдістерін Қазақстаннан үйренуге болады деп есептейді.

«Қазақстанда сайлауда қолданылып жатқан кейбір әдістер бізде жоқ. Бірақ ол сайлау нәтижесіне әсер етпейді. Керісінше, сайлау белсенділігін арттыруға ынталандырады. Мәселен, Қазақстанда сайлауда алғаш дауыс беріп жатқан азаматқа, немесе осы күні туған күні қатар өтіп жатқан сайлаушыларға, сайлау учаскесіне бірінші болып келген адамдарға ынталандыру тетіктері қарастырылған. Бұл белгілі бір үміткерге үгіт жүргізу емес, ол сайлауға қатысуға шақыратын істер. Бұл сайлау нәтижесіне ықпал етеді деп ойламаймын. Керісінше, бұл өте қызықты тәжірибе», - деді ол.

Хорватиялық журналистердің бірі сұрақ қою барысында, осы әдістерді Еуроодақ елдеріне де енгізу жөнінде ұсыныс тастады. Себебі, оның ойынша, «Еуроодақта сайлау барысында концерттер өтіп тұрмайды және ешкім сайлаушыларға кофе ұсынбайды». Оған Стефон Месич: «Мүмкін, сіздің сөзіңізде де жан бар», - деп жауап қайырды. Бүгін Хорватиядан келген халықаралық байқаушылар бірқатар сайлау учаскелерінде болып қайтты және сайлауға келген азаматтардың белсенділігін ерекше атап өтуде. «Бұл сайлау демократияның жоғары стандарттары бойынша өткізілгеніне сенімдімін», - деп түйді сөзін Хорватияның экс-президенті.