«2016 жылы Еуропа одағында 5,1 миллионнан астам сәби дүниеге келген. Одаққа мүше 28 елдің сегізінде нәрестелердің басым көпшілігі некесіз туған», - деп мәлімдеді Еуростат.
Некесіз туу көрсеткіші Францияда айтарлықтай жоғары. Онда сәбилердің 59,7%-ы некесіз туады. Франциядан кейінгі орындарда 58,6% көрсеткішімен Болгария мен Словения келеді.
Сонымен қатар, Эстония (56,1%), Швеция (54,9%), Дания (54%), Португалия (52,8%), Нидерланды (50,4%) елдерінде де некесіз туу көрсеткіші жоғары.
Грекияда, керісінше, некесіз туу көрсеткіші небәрі 9,4%-ды құрайды. Сондай-ақ, Хорватияда (18,9%), Кипрде (19,1%) және Польшада (25,0%) да сәбилер негізінен толық отбасында дүниеге келеді.
Литва (27,4%) мен Италияда (28%), Румыния (31,3%) мен Мальтада (31,8%) балалардың некесіз туу көрсеткіші бір-біріне жуықтау.
Еуропа одағының статистика қызметі өкілдерінің айтуынша, некесіз туған балалардың үлесі Одаққа мүше елдерде 2000 жылмен салыстырғанда біршама өскен.
Некесіз туу көрсеткіші Жерорта теңізі елдерінде, атап айтқанда, Кипрде сегіз есе, Мальта мен Италияда үш есе, Испания мен Грекияда екі есе артқан.
Ал Скандинав түбегінде, Балтық бойы елдерінде, Ирландия және Ұлыбританияда 2000-2016 жылдардағы көрсеткіштің арасында өзгеріс жоқтың қасында.
фото: sibdepo.ru